Pro Hokei Ligasy тұрақты чемпионаты 7 қыркүйекте басталады

5 tamyz
3192

ҚХФ-ның Республикалық жарыстарды өткізу департаменті 2025-26 жылғы маусымға арналған Қазақстан чемпионатының тұрақты біріншілігінің күнтізбесін ұсынады.

Алдағы маусымда Қазақстан чемпионатының жүлделері үшін 10 команда таласады: «Ақтөбе», «Алматы», «Арлан», «Бейбарыс», «Горняк», «Ертіс», «Құлагер», «Номад», «Сарыарқа» және «Торпедо». Күнтізбе жасалған кезде Қазақстан құрамалары қатысатын жарыстар – Азия чемпионаты, халықаралық турнирлер, әлем чемпионаттары және т. б. ескерілді. Турнир үш кезеңнен тұрады.

Бірінші кезеңде барлық командалар бір-бірімен төрт ойыннан өткізеді (екеуі үйде, екеуі қонақта). Чемпионаттың ашылу күні (7 қыркүйекте) Көкшетауда өткен маусым финалистері «Арлан» мен «Торпедо» кездеседі, ал Петропавлда «Құлагер» мен «Ертіс» ойнайды. 8 қыркүйекте «Сарыарқа» — «Номад» және «Алматы» — «Горняк» матчтары өтеді. «Ақтөбе» мен «Бейбарыс» маусымды 12 қыркүйекте тиісінше «Алматы» және «Номадқа» қарсы түздегі ойындармен бастайды. Бірінші кезеңнің соңғы ойындары 23 желтоқсанда өтеді.

Екінші кезеңнің күнтізбесі бірінші кезең қорытындысы бойынша командалардың алған орындары мен логистикалық ерекшеліктер ескеріле отырып жасалады. Бұл ретте біріншіден бесінші орынға дейінгі командалар екінші кезеңде өз алаңында көбірек ойын өткізу артықшылығына ие болады.

Осылайша, тұрақты чемпионатта әрбір қатысушы 54 матчтан өткізеді.

Келесі кезеңде үздік сегіз команда плей-оффқа (үшінші кезең) өтеді. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша Pro Hokei Ligasy чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталады. Кубок кезеңі 14 ақпанда басталады, барлық плей-офф сериялары төрт жеңіске дейін өтеді. Қажет болған жағдайда финалдың жетінші матчы 17 сәуірде өтеді. Биылғы маусымда үшінші орын үшін серия да жоспарланған — ол үш жеңіске дейін 29 наурыз бен (қажет болса) 9 сәуір аралығында өтеді.

2025-26 жылғы маусымға арналған Қазақстан чемпионатының күнтізбесі келесі сілтеме арқылы қолжетімді. Жақын арада барлық ойындар ресурсымыздың тиісті бөлімінде жарияланады.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.