Қазақстан құрамасының әлем чемпионатына өтініміндегі Pro Ligasy ойыншылары

1 mamyr
549

Ұлттық құраманың бапкерлер штабы Польшада өтетін бірінші дивизионның А тобындағы алдағы әлем чемпионатына қатысатын ойыншылар тізімін анықтады. Енді Pro Ligasy командаларының намысын қорғайтын және турнирге арналған қорытынды өтінімге енген хоккейшілерге назар аударайық.

Қақпашы – Владислав Нурек («Горняк»).

Соңғы үш жылда рудныйлық клубтың сөзсіз бірінші нөмірлі қақпашысына айналған ойыншы жасөспірімдер және жастар арасындағы әлем чемпионаттарында өнер көрсету тәжірибесіне ие. Ал Қазақстанның ересектер құрамасына 26 жастағы қақпашы алғаш рет шақырту алып отыр. 2025/26 жылғы клубтық маусым оның мансабындағы негізгі статистикалық көрсеткіштер бойынша ең үздік маусым болды. Тұрақты чемпионатта Нурек бір ойынға орта есеппен 2,66 шайба жіберіп, соққылардың 92%-ын қайтарды. Сонымен қатар команда оның қатысуымен 19 жеңіске жетті (жалпы саны – 24 жеңісті матч). Енді Владислав тәжірибелі Никита Бояркин мен Андрей Шутовпен бәсекеде басым түсуге тырысады.

Қорғаушылар – Эдуард Михайлов («Сарыарқа»), Тамирлан Гайтамиров, Бейбарыс Оразов, Кирилл Никитин (барлығы – «Номад»), Фёдор Хорошев («Торпедо»).

Қарағандылықтардың қорғаныс шебінің көшбасшысы Эдуард Михайлов та Pro Ligasy-ндағы ең үздік маусымын өткізді. Ол тұрақты чемпионаттың ең нәтижелі қорғаушысы атанып, 51 матчта 9 гол және 39 нәтижелі паспен көзге түсті. Сонымен қатар оның пайдалы әрекет коэффициенті +41 болды. Ал «Сарыарқа» Қазақстан чемпионатын сәтсіздеу бастағанына қарамастан, маусым соңында күміс жүлдеге қол жеткізді. Алдағы әлем чемпионаты Эдуард үшін екінші мундиаль болмақ – былтыр ол элиталық дивизионда өнер көрсетіп үлгерген еді. Айта кету керек, бақылау матчтарында Михайлов Самат Даниярмен бірге алғашқы қорғаушылар жұбында ойнады.

Ал чемпион атанған «Номадтың» қорғаушыларына келсек, олардың барлығы «Барыс» сапында ҚХЛ-да ойнаудан мол тәжірибеге ие. Тамирлан Гайтамиров ересектер арасындағы әлем чемпионатының элиталық дивизионында да өнер көрсеткен. Ал Pro Ligasy финалындағы «алтын» голдың авторы Бейбарыс Оразов (ол Әділ Бекетаевпен бірге екінші жұпта сыналып жүр) пен Кирилл Никитин үшін Польшадағы алдағы турнир дебют болуы мүмкін.

Сондай-ақ мұндай деңгейдегі алғашқы мүмкіндігін «Торпедоның» ең нәтижелі қорғаушысы Фёдор Хорошев алады. Ол да сәтті маусым өткізіп, өз амплуасындағы ең нәтижелі ойыншылардың үздік үштігіне енді

(63 ойында 10+35), ал оның командасы Pro Ligasy-ның қола медальдарын иеленді.

Шабуылшылар: Артур Гатиятов, Кирилл Ляпунов, Батырлан Мұратов, Роман Старченко (барлығы – «Номад»).

Бұл тізімде Роман Леонидовичті бөлек атауға болады. Ол әлем чемпионаттарына жиырмаға жуық рет қатысқан – тіпті шабуылдағы серіктестерінің барлығын қосқандағы көрсеткіштен де көп деуге келеді. Ресми жолдастық кездесулерде 39 жастағы шабуылшы (12 мамырда ол 40 жасқа толады) екі шайба соқты, әрі олардың екеуі де командаға жеңіс әкелді.

Батырлан Мұратовтың еншісінде элиталық дивизиондағы үш әлем чемпионаты бар. Техникалық шеткі шабуылшыны бапкерлер штабы басымдықтағы ойын кезінде пайдалана алады. Сонымен қатар Мұратовтың буллитті шебер орындайтынын жанкүйерлер жақсы біледі.

Ал осы маусымда «Барыс» пен «Номад» арасында ауысып жүрген Кирилл Ляпунов ересектер ұлттық құрамасы сапында алғаш рет өнер көрсетпек. Бір қызығы, былтыр ол жастар құрамасының көшбасшыларының бірі болған еді. Осы маусымдағы Pro Ligasy-нда шеткі шабуылшы «бір ойынға – бір ұпай» көрсеткішімен ойнап, бірнеше аса маңызды голдың авторы атанды.

Қазақстан чемпионатында Артур Ғатиятов статистика тұрғысынан керемет маусым өткізді. Ол тұрақты чемпионатта да, плей-офф кезеңінде де командасының ең үздік бомбардирі атанып, жалпы есепте 69 ұпай жинады. Жанкүйерлер оның Pro Ligasy финалдық сериясындағы алғашқы матчта жасаған хет-тригін әлі ұмытпаған шығар. Оның мықты қырларын жақсы білетін бапкерлер штабы жолдастық кездесулерде Артурды Роман Старченко және Аркадий Шестаковпен бір звенода ойнатты. Айта кетейік, алдағы ересектер арасындағы әлем чемпионаты 26 жастағы шабуылшы үшін дебют болмақ.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.