Маусымның қорытындысы. Ақтөбе

20 mamyr
362

Pro Hokei Ligasy командаларының кезекті маусымдағы өнерін қорытындылауды жалғастырамыз. Бүгін әңгіме «Ақтөбе» туралы болмақ.

Нәтиже

Соңғы төрт жыл бойы «Ақтөбе» плей-оффтың тұрақты қатысушысы болып келді, әрі батысқазақстандықтар кубок кезеңіне жолдаманы үлкен басымдықпен иеленетін. Алайда биылғы маусымда команда чемпионатты сәтсіз бастады (12 матчтың 11-інде жеңілді) және кейін жеңіс жолына қайта түсе алмады. Ақтөбеліктердің нәтижесіне ең алдымен төмен шабуыл тиімділігі әсер етті – ұжым небәрі 100 шайба межесінен сәл ғана асты (101) және бар болғаны 10 жеңіске қол жеткізді. Салыстырар болсақ, кубоктық сегіздікті түйіндеген «Алматы» екі есе көп матчта жеңіске жетіп, басты қарсыласынан бірден 22 ұпайға озып кетті.

Оқиғалар

Желтоқсан айының соңында «Ақтөбе» қатарынан үш сырт алаңдағы матчта жеңіске жетті. Бұл маусым барысында тек бір рет қана тіркелген көрсеткіш болды. Оның үстіне, сол ойындарда батысқазақстандықтар 11 шайба соғып, ал «Горнякпен» кездесуде команда 0:3 есебінен камбэк жасап, әсерлі мінез көрсетті. Алайда бұл жетістікті жалғастыру мүмкін болмады – артынша қатарынан бес жеңіліс тіркеліп, олар турнирлік жағдайға айтарлықтай әсер етті.

Көшбасшылар

Команданың ең нәтижелі ойыншылары Антон Петров (44 матчта 11+20) пен Владислав Плотников (48 ойында 10+31) болды. Кейін Петров плей-офф кезеңін «Арлан» сапында өткізсе, Плотников командаластары арасында ең үлкен прогресс көрсеткен хоккейші атанды. Сондай-ақ Pro Ligasy-ндағы алғашқы толыққанды маусымын өткізген жас қақпашылар Илья Костюков пен Максим Дубовичтің өсуін де ерекше атап өткен жөн.

Цитата

- Маусым соңына қарай қарқындарын күшейтіп, біршама жақсы өнер көрсетіп, жағымды таңғалдырды. Өкінішке қарай, көңілден шықпаған ойыншылар да болды. Кейбірімен біз қоштастық. Қыркүйекпен салыстырғанда маусым соңына қарай команда айтарлықтай өсті. Жекелей шеберлік, әсіресе шабуылдарды аяқтау кезінде, сәл жетіспеді.

«Ақтөбе» ойыншыларына осындай бағаны бас бапкер Виталий Казарин берді. Сондай-ақ ол плей-офф жолдамасы үшін күресу мақсатында командаға нақты позициялар бойынша күшейту қажет екенін атап өтті.

Қорытынды

Батысқазақстандықтар ересектер деңгейінде ойнай алатын қазақстандық қорғаушылардың негізгі құрамын сақтап қалуы әбден мүмкін. Ал шабуыл шебін күшейту үшін клуб басшылығына трансфер нарығында ауқымды жұмыс атқаруға тура келеді. Әсіресе, өткен маусымда «Ақтөбе» шетелдік ойыншыларсыз өнер көрсетуге мәжбүр болғанын ескерген жөн.


ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.