Pro Hokei Ligasy кезекті маусымындағы командалардың өнерін қорытындылауды жалғастырамыз. Бүгін сөз «Бейбарыс» командасы туралы болмақ.
Нәтижелер
Қазақстандағы ең титулды клубтардың бірі маусымды біршама екіұдай өткізді. Шын мәнінде, команда соңғы үш жылдағы ең үздік нәтижесін көрсетіп, тұрақты чемпионат қорытындысы бойынша жетінші орын алып, плей-офф кезеңіне қайта оралды. Алайда ширек финалдағы «Торпедоға» қарсы текетіресте «Бейбарыс» бірде-бір ойында жеңіске жете алмады, дегенмен әр матчта тартыс жоғары деңгейде өтті. Ал чемпиондық маусымдарды әлі де еске алатын атыраулық жанкүйерлер үшін тек плей-оффқа шығудың өзі жеткіліксіз сияқты.

Оқиғалар
Қараша айының соңы мен желтоқсан айының басында батысқазақстандықтар әсерлі бес матчтық жеңісті сериясын өткізді. Бұл аралықта «Алматы», «Ақтөбе» және «Горняк» сияқты мықты командалар жеңілді. Осы 5 кездесуде «Бейбарыс» ойыншылары 29 шайба соқты. Алайда осы табысты сериядан кейін команда жоғары өрлеуді жалғастыра алмады. Сонымен қатар тұрақты чемпионаттың шешуші соңғы кезеңін де атап өткен жөн: атыраулықтар 8 ойында 7 рет жеңіліске ұшырады. Басқа жағдайларда олар жоғары орындарға көтерілуі мүмкін еді – рудныйлықтардан жалпы айырмашылық небәрі 5 ұпай болды.
Көшбасшылар
Тұрақты чемпионатта команданың ең нәтижелі ойыншысы Алексей Клочков болды (18+18), алайда ол плей-офф матчтарын өткізіп алды. Сондықтан бұл жерде 38 жаста болса да деңгейін сақтап келе жатқан Евгений Гасниковтың нәтижелілігін ерекше атап өткен жөн. Тәжірибелі шабуылшы маусым қорытындысы бойынша «Бейбарыстың» ең үздік сұрмергені атанып қана қоймай (20+18 – Pro Ligasy-дағы жеке ең үздік нәтижесі), бар болғаны бір ғана матчты жіберіп алды. Сондай-ақ Юсуп Асуханов та Қазақстан чемпионатындағы бомбардирлік рекордын жаңартты (17+19). Айта кетейік, атыраулық клуб басшылығы Гасников пен Асухановпен келісімшартты ұзартты. Ал Клочков мансабын басқа клубта жалғастырады.

Цитата
– Жігіттер барын салды, 100 пайыз күш жұмсады, бірақ «Торпедо» сияқты қарсыласты жеңу үшін бұл жеткіліксіз болды, – деді «Бейбарыстың» бұрынғы бас бапкері Александр Высоцкий. – Өкінішке қарай, жарақаттарға байланысты бірінші және екінші үштіктің жетекші ойыншылары қатардан шығып қалды. Құрамды қайта құруға тура келді, жастар құрамынан көптеген ойыншыларды тарттық. 12 адам ересектер деңгейінде плей-оффта алғаш рет ойнады. Техникалық қателер мен позициялық кемшіліктер көп болды. Бірақ жанкештілік пен ниет жағынан ешкімге ескерту жоқ.
Қорытынды
Қорытындыда жетінші орын атыраулық клуб басшылығын қанағаттандырмады, сондықтан жаңа маусымға команда жаңа бапкер Егор Кутугиннің жетекшілігімен қадам басады. Айта кетерлігі, мамыр айында дәл «Бейбарыс» трансфер нарығында ең белсенді клубтардың бірі болды, әрі батысқазақстандықтар ең алдымен өз көшбасшыларымен келісімшарттарды ұзартуға басымдық берді. Негізгі құрам сақталып, әр шепке жекелеген күшейтулер жасалса, «Бейбарыс» қайтадан чемпионаттағы жетекші орындарға оралуы әбден мүмкін сияқты.

ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.
Nomad
Torpedo
Saryarqa
Arlan
Qulager