Pro Hokei Ligasy кезекті маусымындағы командалардың өнерін қорытындылауды жалғастырамыз. Бүгін сөз «Арлан» командасы туралы болмақ.
Нәтиже
Екі рет қатарынан чемпион атанғаннан кейін «Арлан» соңғы бес жылдағы ең әлсіз маусымының бірін өткізді деуге болады. Дегенмен тұрақты чемпионат команда үшін үлкен сәтсіздіктерсіз өтті – матчтардың 63%-ында жеңіске жетіп, тағы бес ойында негізгі уақыттан тыс жеңіліс үшін де ұпай еншіледі. Ал ширек финалда «көкшетаулықтар» географиялық көршілері «Құлагерге» 1:4 есебімен есе жіберді. Айта кетерлігі, осы сериядағы үш кездесу овертаймда аяқталған. Иә, 2023 жылы да команда плей-оффтың алғашқы кезеңінде-ақ жарыстан шыққан, бірақ ол кезде «Номадпен» серия 7 матчқа дейін созылған еді.

Оқиғалар
Желтоқсанның соңы мен қаңтардың басында «қасқырлар» әсерлі ойын өрнегін көрсетіп, нәтижесінде тұрақты чемпионаттың үздік төрттігіндегі орнын іс жүзінде қамтамасыз етті. Қарсыластары мықты болған 12 кездесудің 11-інде жеңіске жетті. Осы аралықта «Арлан» орта есеппен бір ойынға небәрі 1,6 шайба ғана жіберіп отырды. Алайда плей-офф басталар тұсқа қарай команда ойыны сәл бәсеңдеп, көшбасшылармен өткен алты кездесудің барлығында жеңіліске ұшырады.

Көшбасшылар
Степан Санников (тұрақты чемпионатта лиганың бесінші бомбардирі, 22+43) мен Дмитрий Преснов (19+39) Pro Ligasy-дағы ең үздік маусымын өткізді. Евгений Орлов 26 шайба соғып, лиганың үшінші сұрмергені атанды. Өзінің жаңа деңгейге көтерілгенін қақпашы Тимур Мейдер де көрсетті, команда жеңістерінің басым бөлігі дәл оның ойынындағы сенімділікпен байланысты болды.
Цитата
– Өткен жылдан қалған барлық көшбасшыларды сақтап қалу мүмкін болмады, бірақ бұл жас ойыншыларға өздерін көрсетуге мүмкіндік берді. Маусым барысында олар прогресс көрсетті, – деді «Арланның» бас бапкері Владимир Маркелов. – Жалпы алғанда, маусымды жақсы деңгейде өткіздік деп есептеймін. Бізде біртұтас, еңбекқор ұжым болды, әрі командада мінез де болды.

Қорытынды
Белгілі бір өзгерістерден кейін Владимир Маркелов өткен маусым барысында едәуір жасарған «Арланның» тізгінінде қалды. Келесі жылы отандық чемпионаттың грандтарының бірі саналатын клуб жүлде үшін күресетін командалардың қатарына қайта оралуға тырысады. Ал алдағы маусымға команда қандай құраммен шығатыны әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.
ВКонтакте, Инстаграм < Бізге қосылып, Pro Hokei Ligasy жаңалықтарын өзіңізге ыңғайлы платформалардан оқыңыз.
Nomad
Torpedo
Saryarqa
Arlan
Qulager